Мұсабек Байзақұлы (1849-1932)
Халық ішінде "Молда
Мұса"деген атпен танымал болған Мұсабек
Байзақұлы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ
ғасырдың басында өмір сүрген ақындардың
бірі. Мұсабек ақынның өлең-жырлары, айтыс
өлеңдері мен дастандары халық арасында өте кең
тараған.
Мұсабектің
өмірі мен ақындығы жайында, әдеби мұрасы жайында
1930 жылдары-ақ газет, журнал, әдебиеттік хрестоматиялар мен
жинақтарда жарық көре бастады. Атап айтқанда
М.Әуезовтің "Мектеп оқу құралына" (6
кл), Ө.Тұрманжановтың "Әдебиет майданы"
журналында ақын жөнінде мәліметтер жарияланады. "Молда
Мұса ақын,-деп жазды Ө.Тұрманжанов -
Қазақстанның көп жеріне белгілі ақын, оның
өлең, жырын білмейтін қазақ кемде-кем, ол әсіресе
Орта Азия мен бұрынғы Сырдария облысына (Қазіргі
Оңтүстік) даңқы жайылған үздік, ірі
ақын Молда Мұсаның "Манат қызбен айтысын",
"Сырым қызбен айтысын", "Ер Шора" дастанын Сырдария
халқы жақсы біледі, көп шығармаларын жатқа
біледі, көпшілік сүйіп оқиды".
Мұсабектің
ақындық өнерін, әдеби мұрасын халыққа
таныстыру мақсатымен көрнекті ғалым, әдебиетші,
академик М.Әуезов өзінің "Мұса Молда"
(өмірі мен ақындық қызметі жайлы) еңбегінде
ақын талантын бағалай отырып былай деп жазды: "Мұса
Молда" - кеше ғана совет тұсында (1932) өлгенмен, өзі
ертеден, көп заманнан бері жазып келе жатқан ақын. Оның
ақындық еңбегінің өнімді болған дәуірі
өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап, 1910 жылдарға
шейін созылды...
Мұса Молда өз
уақытына қарағанда оқымысты адам деп саналған. Ол
араб, парсы, шағатай әдебиеттерін, тарихтарын жақсы білген.
Қазақ, қырғыз яки басқа Орта Азия халқының
ескілігіне де қанық, жетік болған. Сондай білімі,
өлең сөзі арқылы ол қай ортаға болсын
араласып, сала беретін болған" дей отырып, ақынның
жаңа заманға да көп жыр арнағанын атап өтеді.
1930 жылдан кейін ескерусіз
қалған ақынның әдеби мұрасын жинау,
ғылыми-зерттеу жұмысын қолға алу, жүйеге келтіру
ісіне ғалым Ә.Оспанұлы өлшеусіз еңбек етті.
Оның зерттеулері арқылы Мұсабектен қалған мол
мұра халық игілігіне қайта айналды. Сондай-ақ ешбір
негізсіз өзгелерге телініп келген "Манат қызбен айтысы" Мұсабек
ақынның төл шығармасы екендігі ғылыми
тұрғыдан толық дәлелденіп, ақынның
творчестволық қорына қайта қосылады.Сонымен қатар
бұқарашылдық бағытта ұстанып, сыншыл реализм
дәстүрінде шығармалар жазған Мұсабек
Байзақұлы шығармалары тұңғыш рет 1987 жылы Ә.Оспанұлы,
М.Тоққожаевтардың құрастыруымен жеке жинақ
болып жарық көрді. Сөйтіп қазақ әдебиеті
тарихынан өзіндік орнын ала бастады.
М.Байзақұлы 1849 жылы
Түркістан ауданына қарасты Шоқтас деген жерде атақты
адамдар әулетінде дүниеге келеді.
Ол бастапқыда діни оқу жолымен біршама білім алды.
Әкесі ұстаған молдадан хат таныған болашақ
ақын өсе келе Қарнақ деген қыстақта Қази
молда ашқан мектепте(бір деректе медресе делінеді) оқиды.
Бірақ жастық желігі, ақындық талабы алып ұшып
байыз таптырмаған бала жігіт молда алдында мүлгіп отыра бермей,
қалған ілім- білімді күнделікті тұрмыс-тіршілік
қарбаласымен қатарласа жүріп, өз бетінше игереді.
Өзінің:
Адамға ғылым өнер қамшы деген,
Жүйрікпін арабыға,
парсыменен.
Аз ғана шайырлығым тағы да бар,
Мүдірттім неше ақынды қарсы келген.-
дегеніне қарағанда оқып-тоқығаны
шағатай, араб, парсы әдебиеттерінің үлгілі
шығармалары болады. Мұсабектің келешекте ақындық
өнерімен қалам ұстап та, ауызша да айналысуы осы
жағдайдың жемісі болса керек.
Өмір өнерлі жасты
талай сарсаңға салған сияқты. Ақын
басындағы алғашқы қайғылы хал-ақуалы
қалыптасуы Сырыммен екі арадағы махаббат мәселесінен туады.
Бұл кезде әкесі Байзақ датқа дүниеден
қайтып, бұлағы сарқылған кезі еді. Жалпы, аталы
жерден шықты дегені болмаса, ақынның өз басы
өмір-бақи жарлы-жақыбай күй кешкенінің талай
куәсын Мұсабектің өз өлеңдерінен де
көптеп кездестіреміз. Мысалы, оның өмірбаяндық
шығармасы болып табылатын "Дегенде қойың қайда,
құмда дедім " деген жолдардан басталатын ұзақ
жырында былай дейді:
Дегенде қойың қайда, құмда дедім
Алыстан
көрсем аңға, кеткен ұрын.
Өлеңші, ақырында жыршы болдық,
Сыпайы жасырмайды деген сырын.
"Молда Мұсаның -
дейді М.О.Әуезов, -ата-бабасы датқа болғанмен,
бұның өзі кедей болатын. Бұның ата-мұрасы
адыра қалып, ел билігі беделділік, байлықпен, ақшамен
өлшенетін болып еді».
Соны мойындай
өскен Мұса ең алғашқы өлеңінде:
Бай артық
болыстан да, биліктен де,
Әр істі
ақша бұзар киліккенде.
Жалы бар, жабы шобыр озып кетті,
Қазан ат жалы кеткен жүйріктен де,-дейді.
Мұсабекті тек кедейшілік, жоқшылық қана азаптамайды, оның өз басының күйініші, өкініші мол трагедиясы да біраз қиыншылыққа ұшырытады. Ғашығы Сырымнан айрылған ол ызаға шыдай алмай, Арқаға кетіп, ол жақта бірнеше жыл жүріп
қайтады. Ақын өз өмірінің
осындай ауыр, аянышты кездерін "Дегенде қойың қайда, құмда дедім", "Абылай болыстан ат сұрағаны",
"Құлыншақ пен Мұса Молданың хат алысқаны", Қасымбек
болыстан ат сұрағаны", "Манат
қызбен айтысы" сияқты шығармаларында
ашық жазады.
Әйелі
өліп, тұрмыс ауыртпашылығын
тартып жүрген шағында Мұсабек ақын Манат қызға хат жазады. Манат сұлу жауап хатында оның
кедейлігін, жоқ жітік тұрмысын, жеке басының бақытсыздыққа ұшырауын саралап айтып, ақынның намысына тие сөйлейді.
Жауыр
ат, ыңыршық ер,
жыртық шапан,
Көрген соң қалған
біздің көңіл
суып.
Панаң жоқ бұлт түгіл, тозаң тоқтар,
Әйтеуір, құр
көңіл ғой
ойыңа алған.
Мұсабек ақын жаңа дәуірді, еңбек адамдарының қуанышын, әділеттік орнайтынын жырға қосты. Ол жаңа
заман жыршысы, насихатшысы болды. Еңбекші халықпен бірге болып, ауыл
арасында советтік әр түрлі
қызмет атқарды.
"Жаңа заман",
"Заманның түрі", "Сейілбек Үсенұлына", "Октябрьдің
14 жылдығына", "Ащысай",
"Талапты жастар",
"Шәуілдір", "Өзім
туралы" т.б. шығармаларын
жазып, өмір талыбына ісімен де, ақындық үнімен
де белсене араласып, өзіндік үлес қосты.
Ақын
Мұсабек Байзақов
1932 жылы ұзақ науқастан кейін қайтыс болды.
Мұсабек
Байзақовтың өмірі де, творчествосы да, ақын өмір жолына байланысты төңкеріске дейінгі және кейінгі екі кезеңге бөлінеді. Ақынның төңкеріске дейінгі
жазған шығармалары сол заманның сыр-сипатын, шындығын
белгілі дәрежеде аңғартарлықтай тақырыптарды
қамтиды. Оның үстіне ақынның бұл
дәуірдегі шығармалары жанрлық тұрғысынан да
әр түрлі болып келеді. Ол өлең, мысал, дастандар
жазған, айтыстарға қатысқан. Оның еңбектері
ақынның өзі өмір сүрген дәуірінің
шындық сипатын, Әсіресе қазақ ауылдарының
бейнесін көрсетеді және заманға, заман адамдарына деген
көзқарасын білдіреді. Сондықтан да оның
шығармаларында төңкеріске дейінгі өмір суреттері,
қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктер, тұрпайы
әдет-ғұрыптар, т.б. сыналып отырады.
Бұл тақырыпты
жазған шығармаларының ішінде "Есім аға",
"Қайраты бұл дүниенің мал менен пұл",
"Сайлау деген елге бүлік болды" деп аталатын өлеңдерін
атауға болады. "Есім аға" өлеңінде адамзат
бойындағы топас паңдықты, кесапат мінез, жексұрын
әдеттерді сынайды, әкімдердің жат қылықтарын
әшкерелейді.
Ассалаумағалейкум, Есім аға,
Ас бердің сауын айтып несін аға!
Астыма киіз салмай
тамақ беріп,
Бар ма еді ала алмаған
өшің аға!
Бұл өлең жеке кісіге арналса
да, пейілі тар, санасы саяз, дүниесінің
құлы болып жүрген барлық адамдар қылығын әшкерелейді.
Молда Мұсаның төңкеріске дейінгі жазған өлеңдерінің дені еңбекші халықтың саяси-әлеуметтік теңсіздігін көрсетуге арналған. Осы тұрғыдан бағалағанда ақынның
азаматтық лирикаларының
ішінде "Қайраты бұл дүниенің
мал менен пұл" өлеңінің алар орны айрықша. Ақынның негізгі айтар ойы бейнелі
түрде баяндала келіп, негізгі
түйін мына шумақтарға шоғырланған:
Қайраты бұл дүниенің, мал менен пұл,
Патшадай - малды кісі, кедейлер құл.
Сұңқардай құрағатқан
бауын түтіп,
Дәулетсіз қор болды ғой қайратты ұл...
Аталған өлеңмен үндес
жазылған шығарманың
тағы біреуі - "Сайлау деген елге
бір бүлік
болды". Бұл өлеңде жан-жақты
езгінің елдің есін шығарып, қиянатты қоздатып жатқан түрі - отаршылдық тәртіп-зардаптары аяусыз айыпталды. Қазақ қауымына қатты қырсық боп жабысқан зиянды жақтарының бірі - ел арасын алты бақан ала ауыз ғып қойған сайлау жүйесі ақынды ашу-ызаға апарады. Ел-жұртты екі жарған бақкүндестік, партиягершілік
қарбаласы, ақын
пікірінше, жаугершілік-бүліншіліктен кем нәрсе
емес. Ақын жанына көп тиген, адамды адамгершілік қадір-қасиеттен,
ынтымақ-татулықтан, сыйластықтан
ажыратып, аздырып-тоздырып
бара жатқан жағдай
қинайды. Ата мен баланы, аға мен ініні атыстырып
қойған бүлік басы - сол сайлау деп түсінеді.
Сайлау елді бүлдірді бүлік етіп,
Ата - баладан, ағадан іні
кетіп.
Бала қораз секілді не мырзалар
Қызыл шақа боп қалды-ау жүні кетіп,-
деп суреттейді.
Бұл шығармадан
өзі өмір сүрген дәуірдің сырын, заман
шындығын бірқатар шығармаларында тап басып, дәл
көрсетуі жағынан өткір, өрнекті сындарымен
ұштасып жатқанын байқауға болады.
Сайлауда көп құтырған бөрі болды,
Ортаға ап оңдырмай тұр талағанын.
Мұндай
өлеңдерінде қызмет пен атақ-дәрежені
байлығымен сатып алатын мансапқорлықты, халықтың
мұңын аяққа басып, саудаға салатын патшашыл
ұлықтарды аяусыз шенейді.
Өткен замандағы
өмір шындықтарын адамгершілік, ізгілік жолымен ұға
білген ақын халықты еңбекке, оқуға, өнерге
шақырады. Оқу-білім, өнер, адал еңбектің пайдасын
түсіндіретін "Харакетке жаратқан адамзатты", "Ғылымсыз
болып қартайсақ", "Жолаушымыз отырсақ,
жатсақ-тағы" т.б. өлеңдері жақсы
үмітке, ізгі мақсатқа шақыратын прогресшіл ойға
құрылған мазмұнды шығармалар. Мысалы:
Ғылымсыз болып қартайсақ,
Қараңғыда қаларсың.
Ғылымда болсаң әр уақытта
Шамшырақтай жанарсың.
Жастығыңда ұмтылсаң
Һәр өнерді табарсың....
Ынтымақ, достық,
бірлік тақырыбы, махаббат жайы ақын шығармаларында
өзекті мәселе ретінде сөз болады. Ақынның
"Сырым қызға", "Сүйгенімді
сағындым" дейтін өлеңдері өз жүрегін жарып
шыққан махаббатын, сыйласар, сырласар асыл жанға деген жүрек
сезімін жеткізер сыры болса, екінші жағынан сенім артқан адамына
қосыла алмай арманда қалған адамның айықпас
күйінішін білдіреді.
Мұсабек
өлеңдерінде көңіл аударатын келесі бір жайт -
ақынның табиғатты суреттеуі. Ақынның көп
замандастарында жанды табиғат жырлары бола бермейтін. Бұрынғы
қазақ әдебиетінде табиғат лирикасын Ыбырай, Абай,
Сұлтанмахмұт сияқты европаның, орыстың
классикалық әдебиетінен үлгі алған санаулы ғана
ақындар жырлаушы еді. Жаңалыққа жаны құмар
Мұсабек ақынның "Табиғат тамашалары" атты
лирикасында әсем, әсерлі табиғи көріністерді суреттеуі
ақын шығармаларының жанрлық құрамын толықтыра
түседі. Бұл өлеңде табиғатты жаттанды жалаң
суреттермен емес, оны өзіндік сұлу әсерлерімен, заңды
құбылыстармен қабылдайды да, өмірмен, қоғам
қажеттерімен байланыстыра бейнелейді. Табиғат пен
қоғамның тығыз байланыста екенін көрсете келіп:
Болғанда
көктем - жыл басы,
Аспаннан жаңбыр себелер
Өлген шөптер тіріліп,
Жердің жүзі көгерер.
Құрт-құмырсқа қимылдап,
Бәрінің көңілі елжіреп.
Асыл гүлдер жалтырап,
Аспан мен жер көгерер, -
деп табиғаттың көктемдегі көрінісін тамаша
бейнелейді.
Сонымен қатар,
ақынның "Адам түгіл алдайды періштені",
"Байлар өлсе, аш, арық тойынады", Ұстатпайды
судағы балықтай", "Ат - гауһар бәйге
сұрап білгеніңе", "Ақындардың келеді тілі
қанжар" аталатын ірілі-ұсақты өлеңдері де
өз кезінің әлеуметтік мәселелерін көтерген
азаматтық әуені айқын шығармалар тобына қосылады.
Мұсабек ақын
творчествосында айрықша көзге түсетін соңғы жанр
- оның мысал өлеңдері. Мысал өлең жазуға
машықтанған, ысылған ақын. Өйткені оның
мысалдары кездейсоқ құмарлықтан,
құрғақ еліктеуден тумайтындығы
аңғарылады.
Мұсабек
Байзақовтың ақындық іздену, үлгі алып
үйрену жолында халық ауыз әдебиетінен, Шығыс
ақындарынан, орыстың классикалық әдебиетінен
үлгі, өнеге алғаны аңғарылады.
М.Байзақовтың мысал өлеңдерінің
қай-қайсысы да қызықты сюжетке, ойға,
мазмұнға құрылған. Өмір шындығын,
қоғам өмірін мысал арқылы сөз етіп,
жамандық атаулыдан сақтандырады.
Ақынның
"Тышқан мен түйе", "Жолбарыс пен түлкі",
"Адам мен аюдың достығы", "Адалдық пен
арамдық", "Қайырымды қыз бен қайыршы",
"Түзу терек", "Ағаш пен маймыл", "Семірген
есек" деп аталатын мысалдарына адамдық пен арамдық,
әділет пен зұлымдық қатар алынып, біріне-бірі
қарсы қойылу арқылы адамгершілік, шынайы әділдік,
еңбек құдіреті насихатталады.
"Тышқан мен
түйе" мысалында қолынан ештеңе келмейтін
мүсәпір келіп мақтанғанын айғақтайды.
Тышқан арқылы қайратсыз, өнерсіз, мақтаншыл
мінезді, адамдар бойындағы жағымсыз әдеттерді сынай отырып:
Парқы бар жақсының
да, жаманның да
Белгілі қас жаманның әлі сондай.
Жамандап біреуді алдап, өзі алданып,
Жүреді ісі
шаппай, сірә оңға-ай -деп қорытынды жасайды.
Жақсылық пен жамандық арасындағы арпалыс, адам бойындағы дүниеқорлық, өнімсіз іске әуестік, менмендік секілді көпшілік көзінде үлкен мін санарлық мінездер Мұсабек мысалдарының негізгі тақырыптары. Оның "Түзу
терек" мысалынан шығатын қорытынды:
Түзу жүрсек азбаймыз сіз бенен
біз,
Жақсы болмас еш қыңыр басылған із.
Ал, "Жолбарыс пен түлкіде" қиянатшыл қаныпезерлердің жазасыз қалмайтынын нанымды суреттейді. "Семірген есекте",
"Тышқан мен түйедегідей"
мақтанқұмарлық мінез мінеленеді. "Қайырымды қыз бен қайыршыда" мейірімді қыздың
ақырында мұрат-мақсатына
жеткені баяндалады. Адал еңбекті кәсіп еткен
Қойбақ пен арамдық
арамзалық жолына түскен Қайыпалла дейтін екі кедейдің
алғашқысы шаруасын
түзеп бақуатты болғанын, соңғысы
істеген ұрлық-қарлығының
салдарынан басы бәлеге
іліккенін көрсететін
"Адалдық пен арамдық"
мысалы оқушыларын адалдыққа, еңбек
сүйгіштікке шақырады.
Мұсабек мысалдары ХVIII ғасырдың ақыры мен XIX ғасырдың басында
жасаған көрнекті өзбек ақыны Мұхаммед Шәріп Гүлһани, И.А.Крылов творчествосымен
сабақтас. Әзірге оның мұндай еңбектерінің
бізге белгілісі Крыловтан еркін аударылған "Адам мен аюдың
достығы", "Ағаш пен маймыл" мысалдары.
Мұсабек мысалдарының
дені Майлықожа, Тұрмағамбет ақындарындағыдай
нәзирагершілдік түрінде туды десек те, олардың
қатарында оның төл туындылары да едәуір болды. Олар
"Тышқан мен түйе", "Адалдық пен
арамдық", "Қайырмды қыз бен қайыршы"
мысалдары. Ақын творчествосына зер салған мысалшылдық
өнерінің Оңтүстік Қазақстан
ақындарына тән арнайы мектебі болғанын байқатады.
Ақындар айтысы -
қазақ әдебиетінде мол дамып,
кең тараған жанр. Әсіресе төңкеріске
дейінгі белгілі ақындардың ішінде шаршы топ ортасында айтысқа
түспегені кемде-кем.
Мұсабектің
халық арасына кең тараған бірнеше белгілі айтыс
өлеңдері бар. Ақынның бұл саладағы
мұрасы да өз дәуірінің болмысын, әлеуметтік
сырларын бірқатар дәрежеде ашып, заманының шындығын
көрсетерлік мән бар құнды көркем шығармалар
болып есептеледі. Ақынның "Манат қызбен айтысы" ел
арасына кең тараған, оның таланты мен ақындық
атағын көпке таратқан көлемді шығарма. Бұл
айтыс көп уақыт бойы Шәді
Жәңгірұлының айтысы деп жаңсақ айтылып
келеді.
Мұсабек пен Манат
қыздың арасында болған бұл айтыс өткен
ғасырдың соңғы жылдарында болса керек. Болған
жылын дәл айту қиын болғанымен, бұл айтыс Мұсабектің
жасы қырықтан асып, егде тартып қалған кезде
болған секілді. Бұл кезде әйелі өліп,
жалғыздық басына түсіп, ел аралап жүргенде
қазгірі Шаян жеріндегі Жылқыбай досының үйіне келгенде,
сол ауылда бой жетіп, кемеліне келіп отырған ақын, аяулы қыз
Манатқа арнайы хат жазып, өз көңілін, үміткер
ойын білдіреді. Осыған орай Манат та жауап хат жазады. Осыдан хатқа
хат, жауапқа жауап ұласып, бұл мәселе біршама
уақытқа созылған үлкен айтысқа айналады. Сол
кездің өзінде-ақ ауыздан-ауызға көшіп, елден-елге
тарап, кең-байтақ қазақ, өзбек елдерінің
көптеген жерлеріне тарап келеді. Екеуінің арасындағы айтыс
алғаш хаттан басталса да, айтыс дами келіп, екі ақынның
жүзбе-жүзкездесіп айтысуына ұласты.
Мұсабек алғашқы
хатында-ақ Манаттың сұлулығын ақыл-парасатын бейнелеп,
оған өз көңілін білдіріп, үйлену ойын ашық
айтады.
Хат жаздым
қалам алып Манат жанға,
Жүзіне жанның
бәрін қаратқанға
Ақ
жүзін бір
көрсетер күн
бар ма деп,
Сыртыңнан жалынушы
ем жаратқанға.
деп жазған алғашқы хатқа Манат қыз қарсы жауап жазып, Мұсабектің кедейлігін, жасы үлкейіп қалғандығын
айтады. Басы Манат қызға үмітімен туған жеке бастық мүддені жеткізер сәлеммен басталса да, айтыс дами келе сол
дәуір жағдайын, заманның сыр-сипатын, қоғам өмірін, сол заманның әлеуметтік шындығын аңғартарлықтай
дәрежеге көтерілгендігін
көреміз. Сөйтіп, "Мұсабек пен Манат қыздың айтысы" екі адамның жай ғана хаты емес, дәуір сипатын, замана сырларын әлеуметтік тұрғыдан
едәуір дәрежеде
көрсете білген көлемді, көркем шығарма. Бұл айтыстың ерекшелігі сол, мұнда рулар тартысы, ата намысы
деген жоқтың қасы.
Айтыстың түбі көркем,
орамды, өрнекті сөздерге, тапқыр теңеулерге
бай. Айтыстың мазмұны,
көркемдігі, тілі бұл ақындардың өнері дамып, кемеліне келген жүйріктер екендігін анық танытады. Бұл айтысты бүкіл халқымыздың
сүйікті шығармасына,
қастерлі мүлкіне
айналдырған ең басты қасиет оның көркемдігі, әлеуметтік ірі
мәселе - әйелдің
бас бостандығы тақырыбын
жырлап, көпшіліктің
көңілін аударарлықтай
етіп толғағаны.
Қорыта келгенде, Мұсабек шығармаларының негізі - ақынның өзі өмір сүрген дәуір суреттері, замана жайын елестетерлік маңызы бар, шыншылдықтан туар сыншылдыққа, сыршылдыққа құрылған шығармалар болып келеді.
Мұсабек лирикалық және қысқа өлеңдерінде қоғам өмірі, адам тұрмысы, заман шындығын, табиғат суреттері, достық, жолдастық, махаббат сияқты күрделі мәселелерді сөз етті. Поэмаларында адам тұрмысының нәзік те күрделі мәселелерін суреттей отырып, өмірдегі жағымсыздыққа, азғындыққа ізгі ниетті, жоғары парасатты, нағыз адам образын қарама-қарсы қояды. Еңбек пен ерлік, жамандық пен жақсылық, достық пен зұлымдық ақын суреттеулерінде осылай қарама-қарсылықта көрініп отырады. Ақын творчествосының халықтық қасиетін, шығармаларының идеялық, көркемдік маңызын жан-жақты зерттеу арқылы әдебиетіміздің тарихында оның өзіндік орны бар көрнекті ақын екенін айқын көреміз.